1.1 Ашылу тарихы

Вольфрам мен молибден элементтерін 1781 және 1778 жылдары швед химигі Карл Шееле ашқан. Мамандығы бойынша фармацевт-аптекарь Шееле өзінің кішкентай зертханасында көптеген зерттеулер жүргізіп, оттегіні, хлорды, барийді және марганецті ашқан. Ол "тунгстен" минералын қышқылмен ыдырату кезінде белгісіз қышқылдың тұзы түзілгенін байқайды. Екі жыл өткен соң 1783 жылы Шееленің қол астында жұмыс істеген ағайынды испан химиктері д`Элуяр бұл минералдан жаңа элемент – вольфрамды бөліп алған. Дәл осы жылы вольфрам үшоксидін \(\small \text{WO}_3\) көміртегімен тотықсыздандыру арқылы алғаш рет металдық вольфрам ұнтағы алынды. Элемент вольфрам немесе тунгстен деп те атала береді.
Молибден молибденит минералынан табылған. Молибден атауы грек тілінен аударғанда «қорғасын» дегенді білдіреді, өйткені молибденит минералының сыртқы түрі қорғасын сульфидінің жылтырына ұқсайды. Бұл минералды ғасырлар бойы графиттің бір түрі деп санаған. 1758 жылы швед минерологы А.Ф. Корнстедт графит пен молибденит бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі зат деген гипотеза ұсынған. Бірақ іс жүзінде олардың екі түрлі зат екені 20 жыл өткен соң дәлелденді. Металдық молибден де вольфрам сияқты молибден үшоксидін көміртегімен тотықсыздандыру арқылы алынған. XIX ғасырдың басында швед ғалымы Берцелиус таза металдық молибденді оның үшоксидін \(\small \text{MoO}_3\) сутегімен тотықсыздандыру арқылы алды.
Вольфрам мен молибденнің өндірісте кең қолданыс табуы металдардың ашылған сәтінен бастап жүз жылдан астам уақыт өткеннен соң басталды.
XIX ғасырдың екінші жартысында вольфрамды және молибденді болатқа қосқанда болаттың қасиеттері жақсаратыны анықталған. 1900 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде алғаш рет жылдамкескіш болат көпшіліктің назарына ұсынылып, сол уақыттан бастап вольфрам өндірісі қарқынды дамыды, вольфрам арнайы болаттарды легірлеуші маңызды элементке айналды. Өйткені вольфрам қосылған болаттан жасалған кескіш құралдар минутына ондаған метрге дейін болатты кесіп өңдейді, оңайлықпен тозбайды, жоғары температураларда беріктігі мен қаттылығын сақтап тұра алады.
1910 жылдары қару-жарақ, құрал-жабдық жасайтын өндірістерде молибденмен легірлерген болаттар ерекше қасиеттеріне байланысты кең қолданыс тапты. Сондықтан молибденді болат өндірісінің дамуы қарқынды басталды. Кейіннен молибден конструкциялық, ыстыққа және коррозияға төзімді болаттардың маңызды компонентіне айналды.
Вольфрам жіптерін қолдануды алғаш рет 1900 жылы орыс өнертапқышы Ладыгин А. Н. ұсынған, 1909-1910 жылдары Кулидж өндірістік көлемде вольфрам мен молибденнен бұйымдар жасау әдісін ұсынғаннан кейін,осы металдарды радиоэлектроникада қолдану мүмкін болды.
1927-1928 жылдары негізгі компоненті вольфрам карбидінен тұратын жентектелген қатты қорытпалар жасалып шығарылды. Бұл қорытпалар заманауи техникада маңызды рөл атқарады.